«Семей» - финалда. «Ақтөбені» үш матчта да жеңіп алды

«Ақтөбе» мен «Семей» футзалдан Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінің жартылай финал сериясындағы үшінші ойынын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл матчқа семейліктер фаворит болып келді. Себебі бұған дейін өз алаңында өткізген екі матчта да жеңіске жеткен еді. Алғашқы ойында «Семей» қосымша уақытта 4:2 есебімен жеңсе, екінші матчта 8:1 есебімен ірі жеңіске қол жеткізген.
Ақтөбенің «Қоныс» спорт кешенінде де ірі жеңіс тіркелді – «Семей» 6:2 есебімен басым түсті. Бірінші таймда есеп 2:2 болғанымен, қонақтар үзілістен соң жауапсыз төрт гол тоғытты. Ел чемпиондары сапында 7-минутта Шыңғыс Есенаманов, 15-минутта Никита Емельянов, 22-минутта Андерсон Дедезиньо, 25-минутта Камиль Герейханов және 40-минутта Ақжол Дәрібай көзге түсті. Сондай-ақ 35-минутта автогол тіркелді. «Ақтөбе» сапында Асхат Көлбаев дубль авторы атанды (6 және 13-минуттар).
Осылайша, «Семей» серияда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының финалына жолдама алды.
Айта кетейік, семейліктер ширек финалда оралдық «Бәйтеректі» жарыс жолынан шығарып тастаған болатын.
Еске салайық, «Семей» - дәл қазіргі Қазақстан чемпиондары. Былтырғы маусымда олар финалда «Қайраттан» айласын асырған болатын. Сонымен қатар, семейлік команда осы маусымда Қазақстан кубогының иегері атанған еді.