Қазақстандық клубтар үшін еуромаусым қашан басталады?

17 маусымда Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңдерінің жеребесі тартылып, қазақстандық командалардың алғашқы қарсыластары анықталады, деп хабарлайды Prosports.kz.
2025/26 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында алматылық «Қайрат» өнер көрсетеді. Алматылық команда алғашқы матчын 8 немесе 9 шілдеде, ал қарымта ойынды 15 не 16 шілдеде өткізеді.
Еуропа лигасында «Ақтөбе» бақ сынайды. Бұл команданың алғашқы кездесуі 10 шілдеде, ал екінші ойыны 17 шілдеде өтеді.
10 және 17 шілдеде Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде шымкенттік «Ордабасы» жарыс жолына шығады.
Ал «Астана» Конференция лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Елордалық клубтың қарсыласы 18 маусымда белгілі болады. Матчтар 24 және 31 шілдеде өтеді.