Ван Бастен: «Ламин Ямаль – маусымның үздік ойыншысы»

Аңызға айналған нидерландиялық шабуылшы Марко ван Бастен 2024/25 маусымының үздік футболшысы ретінде «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямалды атады. Бұл пікір жай мақтау ғана емес, болашақтағы «Алтын доп» иегеріне берілген болжам деуге болады, деп хабарлайды Touchline порталына сілтеме жасаған Prosports.kz.
«Ол (Ямаль) – қазіргі маусымның ең үздік ойыншысы», – деді ван Бастен.
17 жастағы Ламин Ямаль биылғы маусымда нағыз сенсацияға айналды. Ол «Барселонаның» негізгі құрамына орнығып, жасына қарамастан өте ересек, салмақты ойын көрсетті. Жоғары деңгейдегі кездесулерде шешуші сәттерде жиі көзге түсті. Маусым қорытындысы бойынша Ямаль 55 матчта 18 гол соғып, 25 нәтижелі пас берген.
Айта кетейік, ван Бастен бұрын да дәл болжамдарымен танылған. Сәуір айында ол ПСЖ клубының Чемпиондар лигасын жеңетінін болжаған еді – француз ұжымы бұл турнирді тарихында алғаш рет ұтып алды.
Енді бәрі «Алтын доп» табысталатын сәтке байланысты. Ұлы голландиялықтың кезекті болжамы тағы да шындыққа айнала ма – бұл алдағы уақыттың еншісінде.
Еске сала кетейік, Марко ван Бастен бұл марапатты үш рет жеңіп алған (1988, 1989, 1992) және ол жетістікке «Милан» сапында жеткен.