Дычко мен Елеусінов шілдеде АҚШ-та жұдырықтасады

19 шілде күні қазақстандық кәсіпқой боксшылар – аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (14-0) мен орта салмақтағы Данияр Елеусінов (12-0) АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Боксшылардың менеджері Зия Алиев олардың шаршы алаңға қайта оралуының мән-жайын баяндап берді.
– Бұған дейін шілдеде бір жекпе-жек өткізетіндерін айтқанбыз. Иванның иығында жарақат болды, енді ғана толық қалпына келді. Ол төрт айға жуық дайындық лагерінде жаттықты, бірақ бұл – жекпе-жекке емес, ең алдымен иығын қалпына келтіруге арналған лагерь болды. Жарақаты күрделі еді, бірақ қазір бәрі жақсы. Енді рингке қайта шығу керек, – деді Алиев.
Оның айтуынша, Данияр да дайындықты енді бастаған. Қазіргі таңда ол жаттығып, бабын жинап жатыр.
– Екеуі де қыркүйекте жаңа промоутерлік ұйым аясында тағы бір жекпе-жек өткізеді. Ал шілдедегі кездесулер – жаттығу сипатында өтеді. Бұл олардың қалыпқа келіп, спорттық формасын қайта табуы үшін маңызды, – деп қорытындылады менеджер.