Берлин қаласының тұрғындары Олимпиада өткізуге қарсы шықты

Берлин тұрғындарының көбі 2036, 2040 немесе 2044 жылдары жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өз қалаларында өткізуді қолдамайды, деп хабарлайды Prosports.kz Berliner Morgenpost-қа сілтеме жасап.
Сауалнама нәтижесі бойынша, қатысушылардың 56 пайызы Олимпиадаға өтінім беруге қарсы екенін айтқан. Тек 32 пайызы бұл идеяны құптаса, 12 пайызы нақты жауап бермеген. Зерттеуге 18 жастан асқан шамамен 1500 берлиндік қатысқан.
Мамыр айының соңында Берлин мэрі Кай Вегнер мен спорт сенаторы Ирис Шпрангер «Berlin Plus» жобасын таныстырған болатын. Онда Берлин «якорь-қала» ретінде көрсетіліп, жарыстардың бір бөлігі Киль, Росток, Лейпциг және Бранденбургте өтуі мүмкін. Олимпиада өткізуге Германия атынан тағы бірнеше қала үміткер – Мюнхен, Гамбург және Рур аймағы. Қандай қала ұсынылатыны 2026 жылдың күзіне дейін белгілі болады.
Сауалнамада әсіресе әйелдер (тек 24% қолдаған) мен 40–49 жас аралығындағы азаматтар Олимпиаданы өткізуге қарсы болған. Ең көп қолдау 30–39 жас аралығындағы респонденттерден түскен.
Айта кетейік, келесі жазғы Олимпиада ойындары 2028 жылы Лос-Анджелесте өтеді.