Кирилл Герасименко: Өзімнің жоғары деңгейде ойнап, жеңіске жете алатынымды сезінемін

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко 2025 жылғы әлем чемпионатында 1/16 финалға дейін жетіп, кейін финалға жолдама алған бразилиялық Уго Кальдераноға лайықты қарсылық көрсетті. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшы әлем біріншілігіндегі ойынына баға беріп, маусым барысы мен Үндістандағы турнир жайлы айтып берді.
Әлем чемпионаты және ондағы өнері туралы
Әлем чемпионаты… Жоғары нәтиже күттім. Дегенмен әлем чемпионатының финалисіне қарсы лайықты қарсылық көрсете алғаныма қуаныштымын. Жеңіске жету үшін өзіме деген сенімділік жетіспеді деп ойлаймын. Уго Кальдераноны соңына дейін қысып жіберуге болар еді. Алайда, бір сәтте өз ойыныма, өз күшіме деген сенімнен айырылып қалдым. Бұл - мен үшін маңызды рөл атқарды. Бір сәтте өзіме деген сенім жоғалды, жеңе алатыныма сенбедім. Ал қайта қалыпқа келу тым қиынға соқты.
Иә, матч барысында Уго аз қателесе бастады. Бірақ бұл шешуші жағдай болды деп ойламаймын. 2:0 есебінен кейін аса бір күрделі шабуылдар болмады. Егер сондай шабуылдар болғанда, оның сирек қателескені нәтижеге әсер етті дер едім. Бірақ басты себеп - мен өзіме сенуден қалдым, сол себепті ұсақ қателіктер жібере бастадым.
Десе де, жалпы алғанда, өз ойыныма көңілім толады. Ойынға да, нәтижеге де реніш жоқ. Осы деңгейде ойнай алатынымды, жеңіске жете алатынымды сездім. Ең бастысы - өзіме деген сенімді жоғалтпау.
Үндістандағы турнир туралы
Қазір Үндістан лигасында ойнауға шақыртуды қабылдадым. Алты команда бар, турнир үш аптаға созылады. Жарыс айналмалы форматта өтеді, яғни барлық командалар бір-бірімен кездеседі. Әр партия, әр ұпай есепке алынады. Жарысты қалағанымдай бастай алмадым. Бұған бірқатар жағдай әсер етіп жатыр. Мысалы: ауабаптағыш, доп, үстелге байланысты бірқатар кем-кетіктер бар. Бірақ бәрі бірдей жағдайда ойнап жатыр. Сондықтан күресу керек, жол табу керек.
Плей-офф кезеңіне өту үшін ұпай жинауымыз қажет. Әзірге командамыз жеңіске жете алмай жатыр. Алайда, есеп айырмасы ұзақ емес: 6:9, 7:8. Енді бірнеше матч қана қалды. Сондықтан бар күшімізді салып, плей-офф кезеңіне өтуді көздеп отырмыз.
Сырқаты мен Лос-Анджелес Олимпиадасы және маусым туралы
Олимпиададан кейінгі кезеңге келсек, Бундеслигада “Вердер” сапында жақсы өнер көрсеттім. Клубпен келісімшартым бар. Бұл - клубтық нәтижелер. Ал халықаралық жарыстарға келсек, бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетуге болар еді. Германия лигасындағы көптеген матчқа байланысты, халықаралық турнирлерге тиісті дайындық жүргізуге уақыт жетпей жатады. Қазір өзімді онша жақсы сезініп жүрген жоқпын. Күш-қуатым сарқылды. Бірнеше айдан бері ауырып жүрмін.
Қазақстан чемпионатынан кейін сырқаттанып қалдым, содан бері айыға алмай жүрмін. Үш айға жуық уақыт өтті, бірақ толық емделуге мүмкіндік жоқ. Жаттығу жиындары, турнирлер, сапарлар… бәрі қатар жүріп жатыр. Үндістаннан кейін өзім ұзақ күткен демалысты алуды жоспарлап отырмын. Тіпті демалыс емес, ең алдымен емделу, денсаулығымды қалпына келтіру керек. Әзірге мақсат - осы кезеңді аяқтап, Үндістанда барымды салып ойнау және сауығу. Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Қазір оған күш-қуатым жетпейді. Сондықтан алдымен толық сауығып, демалып алайын. Содан кейін ғана болашағым туралы ойлана бастаймын.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Кирилл Герасименко 1/8 финалға дейін жетіп, тоғызыншы орынды иеленген болатын.