Рахмоновтың бапкері: «Гэрри біз үшін жабылған парақ»

UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров шәкіртінің Иэн Гэрримен екінші рет жекпе-жек өткізуі туралы пікір білдірді.
«Қазір Гэрриге қарсы айқас бізге қызық емес. Бұл – өткен кезең. Болашақта бәлкім кездесіп қалармыз, бірақ қазіргі мақсат – жеңісті жолды жалғастырып, титул үшін лайық екенімізді дәлелдеу. Әрине, бірден белбеу үшін айқас бергені әділетті болар еді, бірақ алдымен тағы бір кездесу өткізуіміз мүмкін», – деді Базров Betonmobile сайтына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Иэн Гэрри не айтса да, ол енді өз күшін тек октагонда дәлелдеуі тиіс. Еске салайық, Рахмонов пен Гэрри арасындағы жекпе-жек былтыр желтоқсанда өтіп, қазақстандық файтердің жеңісімен аяқталған. Кейін Шавкат денсаулығына байланысты үзіліс алған. Жыл соңына қарай қайта оралады деп күтілуде.