Дзюдо. Әбиба Әбужақынова: әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін

Дзюдо. Әбиба Әбужақынова: әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін

13-20 маусым аралығында Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Осы орайда әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова Olympic.kz сайтына берген сұхбатында дайындығы мен әлем біріншілігіндегі басты қарсыластары жайлы айтып берді.

Әбиба алдағы әлемдік додаға екі дүркін қола жүлдегер ретінде аттанады. Бұған дейін ол 2022 жылы Ташкентте (Өзбекстан) және 2024 жылы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен әлем біріншілігінде үшінші орынды иеленген. 

- Алдағы әлем чемпионатына дайындық қалай өтіп жатыр?

- Әлем чемпионатына дайындық жоспарға сай жоғары деңгейде әрі қарқынды өтуде. Қазіргі сәтте бабымдамын және толық дайынмын деп айта аламын. Алдымен Испанияда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл жаттығу процесі өте нәтижелі болды, физикалық және техникалық тұрғыда жақсы қалыпқа келдім. Қазір дайындықтың соңғы кезеңін өз елімізде жалғастырып жатырмыз. Бұл кезеңде бар назар қозғалыс дәлдігі мен тактикалық әрекеттерді пысықтауға бағытталған. Жаттығулар жүйелі әрі мақсатты түрде өтуде.

Еске сала кетейік, Әбиба Әбужақынова бұған дейін Линцте (Австрия) өткен Гран-При турнирінде жеңіске жеткен болатын. Сол турнирда Әбибаға шақ келер ешкім болмады. Отандасымыз финалға дейін жетіп, жапондық Сачиё Ёшиноны 10:1 есебімен тізе бүктірген еді. Содан кейін қазақстандық балуан Азия чемпионатын өткізіп алды.

Ал, Душанбеде (Тәжікстан) өткен Grand Slam тунирінде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол өзбекстандық Улбусин Хакимовамен кездесіп, тиімді әдіс арқылы кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап жеңіске жетті.

- Бапкерлер тарапынан қойылған міндеттер мен тапсырмалар туралы


- Бапкерлер мені Азия чемпионаты мен Астанада өткен Grand Slam турниріне қатыстырмай, басты назарды маусымдағы ең маңызды дода - әлем чемпионатына аударуды ұйғарды. Бұл шешім ұзақмерзімді жоспарымызға сәйкес қабылданды. Қазір дайындық кезеңі қызу жүріп жатыр, негізінен тактикалық және техникалық бағытта жұмыс істеудеміз. Жаттығу процесіне Бельгиядан арнайы шақыртылған маман да қосылып, бапкерлер құрамымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ортақ мақсат - әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету.

- Әлем біріншілігінде басты қарсыластарға кімдерді жатқыза аласыз?

- Негізгі басты қарсыластарымның қатарында Франция мен Жапонияның тәжірибелі спортшыларын атап өтуге болады. Дегенмен, бұл - әлем чемпионаты, мұнда осал қарсылас жоқ. Әрбір балуан тыңғылықты дайындықпен келеді, сондықтан ешкімді бөліп-жармай, барлық қарсыласқа бірдей жауапкершілікпен қарап, жан-жақты дайындалып жатырмын. Алда үлкен бәсеке күтіп тұр, дегенмен бар күшімді салып, жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін

Дереккөз: Olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или