Қайрат» бапкердің әрекетін растады

«Қайрат» футбол клубы Ақтөбемен өткен ойынның соңында бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің трибунаға бейәдеп сөз айтқанын ресми түрде растады. Оқиға бапкердің техникалық аймақтан қуылған сәтінен кейін орын алған. Клуб мәлімдегендей, бұл әрекет жанкүйерлердің арандатуы мен төрешілердің даулы шешімдеріне эмоциялық жауап ретінде болған.
Алматылық клуб бапкердің мұндай мінезін кәсіби және этикалық тұрғыдан құптамайтынын атап өтті. Сонымен қатар, матч барысында трибунадан ойыншылар мен команда өкілдеріне бағытталған балағат сөздер, арандату мен бөтен заттар лақтыру сынды әрекеттер қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігін көрсетеді деп есептейді.
«Қайрат» сондай-ақ «Ақтөбе» ойыншылары – Идрис Умаев, Неманья Анджелкович пен Бағдат Қайыровтың матч кезінде және одан кейін футболшыларға көрсеткен дөрекі және арандатушы әрекеттеріне қатысты шара қолдануды талап етті.
Клуб барлық ресми жарыстарда құрмет, спорттық этика мен тәртіп қағидаларын ұстанатынын мәлімдеді. Жақын күндері ҚФФ-ға төрешілер шешімдерін қарастыруды сұрап, ресми хат жолдайды.