Қазақстандық теннисші «Үлкен дулыға» турнирінде тарихи нәтиже тіркеді

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Ашық дәуір тарихына енді, деп хабарлайды Prosports.kz
Ол «Үлкен дулыға» турнирінде әлемнің алғашқы ондығына кіретін қарсыласынан 0:2 есебімен ұтылып жатып, матчты жеңіспен аяқтаған Азиядан шыққан небәрі екінші спортшы болды.
29 мамыр күні «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында Бублик әлемнің тоғызыншы ракеткасы – австралиялық Алекс де Минаурды жеңді.
Кездесу нәтижесі: 2:6, 2:6, 6:4, 6:3, 6:2 - алғашқы екі сетте жеңіліп қалғанына қарамастан, Бублик ойын барысын өзгертіп, керемет камбэк жасады.
Оған дейін мұндай жетістікке тек Израильден шыққан Амос Мансдорф қол жеткізген. Ол 1990 жылы АҚШ Ашық чемпионатында (US Open) әлемнің сегізінші ракеткасы болған америкалық Брэд Гилбертті 5:7, 5:7, 6:3, 7:5, 6:1 есебімен жеңген.
Үшінші айналымда Бублик Португалия өкілі Энрике Рошамен кездеседі. Матч 31 мамырға жоспарланған. Қазіргі таңда Александр Бублик ATP рейтингінде 62-орында тұр, ал оның қарсыласы – 200-орында.