Арне Слот АПЛ-дің үздік бапкері атанды

«Ливерпульдің» бас бапкері Арне Слот 2024/25 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Англия Премьер-лигасының ең үздік жаттықтырушысы болып танылды. Сондай-ақ ол Лига менеджерлері қауымдастығы (LMA) тағайындайтын жылдың бапкері атағын да иеленді.
Слот команда тізгінін Юрген Клопптан алғаннан кейін, құрамға тек бір ғана жаңа ойыншы – Федерико Кьезаны қосып, «Ливерпульді» чемпион атандырды. Ресми марапаттау дауыс беруінде ол Томас Франк («Брентфорд»), Эдди Хау («Ньюкасл»), Нуну Эшпириту Санту («Ноттингем Форест») және Витор Перейра («Вулверхэмптон») сынды мамандарды артта қалдырды.
Сонымен қатар Арне Слот әріптестері тарапынан да жоғары бағаланып, сэр Алекс Фергюсон атындағы жүлдені алды. Алайда «Ливерпульдің» чемпиондық парады кезінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Слот марапаттау рәсіміне қатысудан бас тартты.