Қызылорда облысы бокс федерациясына жаңа президент сайланды

Бүгін Үстел теннисі орталығының мәжіліс залында Қызылорда облысының әуесқой бокс федерациясының президентін сайлау бойынша арнайы жиын өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Басқосуға Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев, Қазақстан бокс федерациясының аймақтармен жұмыс бойынша вице-президенті Болат Әбдірахманов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов, Қызылорда облысы бойынша әуесқой бокс федерациясының мүшелері және бокстан аға жаттықтырушылар қатысты.
Жиын барысында Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Төлегенұлы елімізде боксты дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, алдағы жоспарларды баяндады.
Сонымен қатар, өз сөзінде облыстық бокс федерациясының президенті лауазымына Кушенов Қанат Шаймағамбетұлының кандидатурасын ұсынды.
Жиынға қатысушылардың басым дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысы бойынша әуесқой бокс федерациясының президенті лауызымына Кушенов Қанат Шаймағамбетұлы тағайындалды.
Қанат Шаймағамбетұлы - 1982 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жиырма жылдан аса қаржы саласында еңбек етіп, бірнеше мемлекеттік ұйымдарда басшылық қызмет етті.
Жиынға қатысушылар облыстық бокс федерациясының жаңа басшысына сәттілік тілеп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Жиын соңында Шри-Ланкада бокстан өткен Азия чемпионатында бір алтын, бір күміс жеңіп алған батыр қыздарымыз Толыбай Зарина мен Ақбота Болатқа және олардың жаттықтырушыларына арнайы қыржылай сыйақы табысталып, естелік суретке түсумен аяқталды.