Қазақстандық батыр үш Гиннесс рекордын бағындырды. ВИДЕО

Қазақстандық батыр үш Гиннесс рекордын бағындырды. ВИДЕО

Қазақстандық спортшы Сергей Цырульников Италияның Милан қаласында Guinness World Records ұйымының өкілдері ресми тіркеген үш бірдей әлемдік рекорд орнатып, ел мерейін асырды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Отандасымыз ең алдымен өлшемі 22×8 мм болатын 14 темір тағаны 57 секунд ішінде бүктеп, одан кейін бір минутта 9 резеңке жылытқышты тыныс күшімен жарып жіберді. Бұдан соң бір минут ішінде шойын табаларға 19 шегені жалаң қолмен қақты.

Барлық өнер көрсетулер Италиядағы әйгілі «Lo Show Dei Record» телешоуының түсірілімі аясында өтті. Бұл бағдарлама 2025 жылы эфирге шығып, Италиямен қатар Еуропаның өзге елдерінде де көрсетіледі.

Сергей Цырульников – қазақстандық спорттың тірі аңызы. Ол «Құрмет» және «Достық» мемлекеттік ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының Ізгі ниет елшісі, Қазақстан спортшылар одағының Құрметті мүшесі, ҚР Туризм және спорт министрлігінің елшісі, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінің запастағы майоры. Ол қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып, балалар мен жастарды қолдауға бағытталған қайырымдылық бастамаларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Сергейдің айтуынша, бұл рекордтар бүкіл Қазақстан халқына арналған: «Бұл тек физикалық күштің көрінісі емес. Бұл — ата-бабадан дарыған рухтың күші, ұлттық жігеріміздің символы. Қазақ халқының мүмкіндігін әлемге паш етуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын».

Бұл жетістіктер оның әр жылдары Гиннесс рекордтар кітабына тіркелген рекордтар сериясының жалғасы болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или