Талантты боксшы аяқ-асты рингпен қоштасты

Ұлыбританияның суперауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Делишес Ори спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады. Ол енді оқуын жалғастырып, корпоративті салада жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
«Бокс маған өмірлік естеліктер, әлемді шарлау мүмкіндігі мен елімді ірі ареналарда таныстыру секілді баға жетпес сәттер сыйлады. Бірақ уақыт өте келе бұл спортқа деген ішкі құлшынысым бәсеңдей бастады», – деді Ори әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ол кәсіпқой боксқа ауысқанда бұл қызығушылық қайта оянады деп үміттенген. Алайда олай болмады. «Шын жүректен берілмей, бұл жолда биікке шығу мүмкін емес», – дейді спортшы.
Делишес Ори бүкіл мансабы барысында қасынан табылған жаттықтырушыларына, командадағы серіктестеріне және промоутерлерге алғысын білдірді. Енді ол рингтен тыс өмірде өз орнын табуға бел буып отыр.