Америкалық файтер карьерасындағы ең қиын жекпе-жегін атады

Жеңіл салмақтағы UFC-дің чемпиондық атағына бұрынғы үміткер, америкалық файтер Нейт Диас карьерасындағы ең қиын жекпе-жекті еске алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның айтуынша, бұл 2008 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың Небраска штатындағы Омаха қаласында өткен UFC Fight Night 15 турнирінде жерлесі Джош Нирге қарсы өткен жекпе-жек болған.
«Джош Нир деген жігіт бар. Ол нағыз қатігез бәле. Біз онымен төбелестік, қазір ол менің досым. Айтпақшы, ол Никпен де айқасқан. Олар үш раундтық шайқас өткізді. Сол кезде оның есі дұрыс емес біреу екенін ойлағаным есімде.
Кейін мен жекпе-жекке шыққанда матчмейкерлерден ең мықты қарсыласты сұрадым. Олар маған Джошты берді. Сол жекпе-жек карьерамдағы ең ауыр айқас болды.
Мен оның жекпе-жектерін жиі қарап, оған қарсы арнайы дайындалдым, уақытында дұрыс шабуыл жасау үшін көп жаттықтым. Бірақ Джош менің барлық әрекетімді тойтарып отырды. Біз тамаша жекпе-жек көрсеттік», — деді Диас Bloody Elbow порталына берген сұхбатында.