Қазақстан құрамасы үстел теннисінен Өзбекстанда өтетін халықаралық турнирге қатысады

28 мамыр мен 31 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender Tashkent 2025 халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа Аустралия, Әзірбайжан, Грузия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан спортшылары қатысады.
Жүлделер 19, 17, 15, 13 және 11 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша сарапқа салынады.
Қазақстан намысын 67 теннисші қорғайды. Олардың қатарында: Алан Құрманғалиев (19 жас, турнирдегі рейтингте №1), Жәния Бекмұхамбетова (13 жас, №1), Албина Жақсылықова (19 жас, №4), Назерке Болатбек (11 жас, №1), Шохина Миркодирова (11 жас, №2), Дагир Данияров (11 жас, №5) бар.