Қуат Хамитов Серронемен жекпе-жек өткізуге дайын

Қазақстандық танымал файтер Қуат «Найман» Хамитов UFC ұйымы елімізде турнир өткізсе, Дональд «Ковбой» Серронемен ардагерлік жекпе-жек өткізуге қарсы еместігін айтты. Бұл туралы ол Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Prosports.kz.
«UFC Қазақстанға келуі мүмкін екенін естідім. Егер бұл рас болса, мен Серронемен жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бұл тамаша ардагерлік айқас болар еді. Ондай мүмкіндік туындаса, бар шаруамды ысырып қойып, бұрынғыдай жаттығуға кірісер едім», – деді Хамитов.
Қуат Хамитов кәсіпқой мансабында 36 жекпе-жек өткізіп, оның 26-сында жеңіске жеткен. 8 рет жеңіліп, 2 кездесуді тең нәтижемен аяқтаған. Ол ONE Championship, Fight Nights Global, AMC Fight Nights, RCC және MFC сынды ұйымдарда өнер көрсетті. Ал Дональд Серроне 2022 жылы спорттық мансабын аяқтаған. Оның рекорды — 36 жеңіс, 17 жеңіліс.