Кака УЕФА сарапшылар тобына енді

Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака УЕФА-ның жаңартылған бапкерлер конвенциясы аясында құрылған UEFA Futsal Experts сарапшылар тобына шақырту алды.
Бұл топқа 2025 жылдан бастап енгізілетін UEFA Futsal C, B және A санатындағы жаңа бапкерлік лицензиялар жүйесіне үлес қосатын үздік мамандар енген. Сарапшылар ұлттық қауымдастықтарға оқу бағдарламаларын әзірлеуге көмектеседі.
Какадан бөлек бұл тізімге Португалия құрамасының бапкері Жорж Брас, Испания құрамасының экс-бапкері, Еуропаның екі дүркін чемпионы Хосе Венансио Лопес, Латвия құрамасын жаттықтырып жүрген Массимилиано Беларте және футзал сарапшысы Мико Мартич кірді.
«Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік әрі халықаралық деңгейде мойындалу. Менің бұл бағыттағы жұмысым отандық жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, футзалдың дамуына серпін береді деп сенемін», – деді Кака.