Зайнутдинов «Зениттен» неге бас тартты?

Ресей құрамасының бұрынғы қорғаушысы Арсений Логашов Бахтиер Зайнутдиновты Ресей Премьер-лигасындағы кез келген команда қуана қабылдайтынын айтты. Оның айтуынша, футболшы 2024 жылдың жазында «Зенитке» барудан бас тартқан.
«Түркия – мұсылман елі, ал Бахтиердің дініне берік екенін бәрі біледі. Бұл оның таңдауына әсер еткен сияқты. Оның үстіне ол Стамбулда біраз жылдан бері тұрып жатыр. Әдет болып кеткен дүние. Айтпақшы, «Бешикташпен» салыстырғанда «Зенитте» көп ақша алуы да екіталай», – деді Логашов Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшы Зайнутдиновтың Ресейге оралуы артқа қадам болар-болмасын елдегі клубтардың Еурокубоктарға қатысуына байланысты деп отыр. «Егер жақын арада рұқсат етілсе, онда РПЛ – жақсы нұсқа. Оны кез келген команда бас салып алар еді – жарақатты болса да, ақсаңдап жүрсе де», – деп әзілдеді ол.
Айта кетейік, Бахтиер Зайнутдинов «Бешикташ» сапында үшінші маусымын өткізіп жатыр. Бұған дейін ол Ресейдің «Ростов» пен ЦСКА клубтарында ойнаған. Жалпы РПЛ-де 95 матчқа қатысқан.