Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен елдегі мектеп спорты саласындағы ең ірі жобалардың бірі – Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі өтті.
Аталмыш шара бүкіл Қазақстанды қамтиды. Ал, биылғы жылдың финалдық кезеңі Астана, Алматы және Талдықорғанда ұйымдастырылып, түрлі өңірлерден келген жас спортшыларды біріктірді.
Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасына бірнеше спорт түрі кіреді: үстел теннисі, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, футзал, жеңіл атлетика, гандбол, асық ату, шахмат және футбол.
Бұл республикалық спорттық шараға 5-11 сынып оқушылары қатысады. Бұл жас ұрпақтың спорттық қабілетін дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды. Жалпы, лиганың барлық кезеңіне 2 миллионнан астам оқушы қатысқан.
Биылғы жылы лига Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында өткізілуде. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бұл жобаның серіктесі ретінде жастарды спортқа тартуға бағытталған бастамаларды қолдап отыр.
"Ұлттық олимпиадалық комитет Ұлттық мектеп лигасының өтуіне қолдау көрсетуді жөн көрді. Себебі оның мақсаты Олимпиадалық қозғалыстың негізгі құндылықтары: адалдық, достық, теңдік, батылдық және табандылықпен толық сәйкес келеді.
Бұл – мектеп оқушыларын спортқа тартуға және оларда ерте жастан салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң", – деп атап өтті ҰОК өкілдері.
Астанада волейбол, баскетбол және үстел теннисі бойынша Лига жеңімпаздары анықталды. Ал гандбол, асық ату және басқа жас санаттары арасындағы волейбол жарыстары әлі де жалғасуда.
Мектеп лигасынан бөлек, Олимпиада күні аясында су добынан, ашық суда жүзуден және триатлоннан жарыстар өтеді.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі.