Астанада өтетін Әлем кубогына ең мықты боксшылар қатысады

30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада бокстан Әлем кубогы өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
World Boxing ұйымдастыратын жарыста рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.
Қазірдің өзінде Әлем кубогына 25 елден, 200-ге жуық боксшы тіркелген. Жарысқа дейін 40-50 елден 400-500 боксшы өтініш береді деп күтілуде.
«Әлбетте, жақын арадағы негізгі бәсеке – Астанада өтетін әлем кубогы. Бұл жарыс алдында елімізде бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Қазіргі уақытта АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Аустралия командалары қатысуын растады», - дейді бас бапкер Қайрат Сәтжанов.
Әлем кубогына еліміздің және әлемнің ең үздік боксшылары қатысатын болады.
«Елордадағы жарысқа әлем чемпионатына қатысатын боксшылар келеді деп күтілуде. Сондықтан Астанадағы жекпе-жектер аса тартысты болады. Барлық командалар қыркүйекте Ұлыбританияда өтетін әлем чемпионатын басты нысанға алатыны анық», - дейді маман.
Елордадағы жарыс — Әлем кубогының екінші кезеңі. Бірінші кезең қазір өтіп жатқан Феликс Штамм турнирі (Польша). Қазақ боксшылары қатыспаған бұл турнирде рейтингтік ұпай берілмейді. Ал Астанада ұпайлар беріледі.
Әлем кубогының финалдық кезеңі Үндістанда өтеді деп жоспарланған.
World Boxing ұйымының Әлем чемпионаты 4-14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияда өтеді.