Шавкат Рахмоновтың салмағындағы көшбасшы өзіне жаңа қарсылас тапты

UFC-дің жартылай орта салмақ (77 кг дейін) рейтингінде бірінші орында тұрған америкалық Шон Брэди ирландиялық Иэн Гэрримен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Қалай болғанда да, мен Иэн Гэрримен кездесемін. Олай болса, неге дәл қазір жекпе-жек өткізіп, оны жолдан шеттетпеске? Джек [Делла Маддалена] мен Белал [Мухаммад] жекпе-жек өткізгенде, мен Гэрриге біз де жұдырықтасуымыз керек екенін айттым. Себебі біз титулды жекпе-жекті күте алмаймыз», — деді Брэди Low Kick MMA-ге берген сұхбатында.
Брэди кейінгі жекпе-жегін наурыз айында UFC Fight Night 255 турнирінде өткізіп, бұрынғы чемпион британиялық Леон Эдвардсты жеңген болатын. Ал Гэрри сәуірде өткен UFC on ESPN 66 турнирінде бразилиялық Карлос Пратесті төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген.
Осы дивизионда үшінші орында қазақстандық Шавкат Рахмонов тұр. Бұған дейін Шавкат титулды жекпе-жекке басты үміткер саналған, алайда ауыр жарақатына байланысты ол жоспарын кейінге шегеруге мәжбүр болды.