UFC жаңа чемпионы Шавкатты жекпе-жекке шақырды

11 мамыр күні Монреальде өткен UFC 315 турнирінде Джек Делла Маддалена Белал Мұхаммедті жеңіп, жартылай орта салмақта жаңа чемпион атанды. Бұл нәтиже дивизиондағы жағдайға елеулі өзгеріс әкелді.
Осы оқиғадан кейін қазақстандық Шавкат Рахмонов UFC ресми рейтингінде бір саты төмен түсіп, үшінші орынға жайғасты. Бұл оның титулдық жекпе-жекке жетуін қиындата түседі. Себебі UFC дәл қазір Ислам Махачев пен жаңа чемпион арасындағы кездесуді ұйымдастыруды қарастырып отыр.
Маддалена болса, Шавкатпен жекпе-жек жайында пікір білдіріп: «Ол – мықты жігіт. Мен бұл кездесуді ұзақ уақыттан бері күтіп жүрмін. Бір күні міндетті түрде октагонда жолығамыз. Мен оны жеңе аламын деп ойлаймын, бірақ басқа да үміткерлер жеткілікті», – деді.
Рейтингтегі аздаған шегініске қарамастан, 19-0 еселі рекорды мен мерзімінен бұрын аяқталған жеңістері бар Рахмонов титулға басты үміткерлердің бірі болып қала береді. Соңғы жекпе-жегін ол 2024 жылдың желтоқсанында Иэн Гэрриді жеңіп өткізген.