Қазақстан құрамасының қорғаушысы Даниядағы әлем чемпионатындағы алғашқы жеңіліс туралы айтты

«Барыс» пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Самат Данияр Sport+ тілшісіне берген сұхбатта Данияда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жеңіліс жайында айтты, деп хабарлайды Prosport.kz.
— Самат, Норвегиямен өткен матч эмоцияға толы және күш-қуат көп кеткен ойын болды. Германиямен матчқа дейін қалпына келіп үлгердіңіздер ме?
— Иә, шынында да, бірінші ойында көп күш пен эмоция жұмсадық. Бірақ уақыт жеткілікті болды, сондықтан бәрі ертерек ұйықтап, жақсылап демалудың маңызды екенін түсінді. Физикалық тұрғыдан дайын болдық, бірақ ұпай ала алмадық.
— Немістер – бұрыннан қолайсыз қарсылас, өткен жылы тіпті ойсырай жеңілген едік. Бұл жолы бапкерлер қандай нәрселерге назар аударуға кеңес берді?
— Германия – машықтанған, жылдам команда. Бапкерлер олар алғашқы минуттардан-ақ белсенді ойнайтыны жайында ескертті. Ойынның басында сенімді қорғану қажет болды. Бұл жағынан біршама сәттілік болды, біз бірінші болып есеп аштық. Бірақ екінші кезеңнің соңында жіберіп алған шайба, қарсы шабуыл кезінде, ойынды қатты өзгертіп жіберді деп ойлаймын.
— Үшінші кезең басталғанға дейін есеп айырмасы үлкен емес еді. Соңғы кезеңде не болды? Күш-қуат сарқылды ма?
— Күш жеткілікті болды, бірақ екі сәтте концентрация жоғалды – тағы екі гол жіберіп алдық. Содан кейін ойыннан тыс қалып қойдық. Қалпымызға келу қиын болды. Тағы да айтам, эмоция жетіспеген сияқты.
— Көпшілік тағы да гол сәттерін пайдалану деңгейінің төмен екеніне назар аударды. Бұл клубтық маусымнан жалғасқан үрдіс емес пе?
— Жоқ, ұлттық құрама – ол ұлттық құрама, клуб басқа нәрсе. Ештеңе өзгермейді. Иә, әзірге гол соғу қиын болып жатыр. Мүмкіндіктер көп емес, сондықтан суыққанды болу керек. Әр матчта кез келген эпизод шешуші болуы мүмкін, сондықтан гол соғу керек. Тағы бір маңызды нәрсе – көпшілікте жақсы ойнау қажет.
— Бір күннен кейін венгрлермен өте маңызды ойын. Қарсылас жайлы не білесіздер? Жеңіске жету үшін қандай ойын үлгісін ұстанған жөн?
— Венгрлермен ойынға ертең дайындала бастаймыз. Жаттығу болады, содан кейін Венгрия құрамасының қалай ойнайтынын көрсетеді. Белсенді ойнап, шайбаны өз бақылауымызға алып, жекпе-жектерде жеңілмей, қақпашыға көмектесіп, сәттерді тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Бұл ойынның маңыздылығын бәрі түсінеді.