Жорж Сен-Пьердің ең қиын қарсыласы кім

UFC Даңқ залының мүшесі, сондай-ақ жартылай орта (77 кг дейін) және орта (84 кг дейін) салмақтағы экс-чемпион Жорж Сен-Пьер мансабындағы ең ауыр қарсыласы туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Канадалық файтердің сөзінше, оны ең қатты қиналтқан қарсылас — Би Джей Пенн. «Оны «Продиджи» деп атады, өйткені ол қара белбеу иелері арасында джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған тұңғыш бразилиялық емес спортшы болды. Ол нағыз вундеркинд еді, сол кезде мінсіз файтер саналды», — деді Сен-Пьер.
Сен-Пьер қарсыласының жылдамдығына таң қалғанын мойындады. «Алғаш рет төбелескенімізде мен соққы жасаған едім, ал ол болса, артыма өтіп кеткен. «Бұл қалай болды? Телепортталып кетті ме?» деп ойладым. Би Джей өте жылдам әрі шебер жігіт еді, онымен төбелесу расында оңай болмады», — деп түйіндеді ол.