Қайрат Нұрдәулетов балалар футболындағы бапкерлер мәселесін қозғады

«Ертіс» футбол клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов өзінің Instagram-парақшасында балалар футболының басты мәселелерінің бірін қозғап, отандық бапкерлердің білімі туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz Sport+ сайтына сілтеме жасап.
«Бұл постта мен балалар футболындағы мәселелерді қозғағым келеді. Түрлі клубтарда жұмыс істей жүріп, футбол орталықтарының жұмысымен таныстым. Сол жердегі жағдайды көріп, ертеректе балалар футболы қандай деңгейде болғанын, қандай мәселелер мен сұрақтар тұрғанын есіме түсірдім.
Көпшіліктің пікірі бойынша, Қазақстанда жақсы футболшыларды тәрбиелеу үшін сапалы алаңдар мен стадиондар жетіспейді дейді.Яғни, жаңа ойыншыларды дайындаудағы барлық мәселе инфрақұрылымның жоқтығына тіреледі. Бірақ біздің кезімізде біз асфальтта, сапасы төмен алаңдарда жаттықтық. Соған қарамастан, әр буында бірнеше дарынды ойыншы шығып отырды. Бапкерлердің таңдауы болды, бәсекелестік болды.
Иә, футбол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. Бірақ одан кем түспейтін тағы бір маңызды фактор бар — балалар бапкерлерінің біліктілігін арттыру.
2020 жылы, COVID басталған кезде, көптеген бапкерлер тұрақты табыстан айырылды. Сол кезде оларға жеке футбол мектептерін ашуға рұқсат берілді. Уақыт өте келе бұл қосымша табыс негізгі табыс көзіне айналды — өйткені клубтық орталықтарда аз жалақы төлейді. Бапкерлер жеке кәсіптің клубтағы жұмыстан тиімді екенін түсіне бастады. Қайда көбірек қайтарым болатынын ойлап көріңіз.
Егер балалар бапкерінің табысы күнкөріске әрең жетіп отырса, ол жаттығу процесіне толыққанды беріле алмайды. Мұндай жағдайда бізде мықты бапкерлер мен жақсы футболшылар пайда бола ма?
Білімді арттыру — бұл да негізгі мәселе. Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығы беретін білімнен бөлек, клубтар өз мамандарының дамуына мүдделі болуы тиіс. Бұл — шетел клубтарында тағылымдамадан өту, тәжірибе алмасу, үздіксіз оқыту сияқты қадамдар.
Өсетін жеріміз бар. Бірақ сөзден іске көшетін уақыт келді. Бапкерлердің білімі мен табысы — инфрақұрылым немесе телетрансляция сияқты маңызды мәселе», — деп жазды Қ. Нұрдәулетов.