Жеңіліп көрмеген америкалық боксшы «Канело» — Скалл жекпе-жегінің жеңімпазын атады

Жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Теренс Кроуфорд екінші орта салмақтағы абсолют әлем чемпионы атағы үшін өтетін мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен кубалық Уильям Скалл арасындағы алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Маған бұл жекпе-жек ұнайды. Саульді қиын сынақ күтіп тұр. Көпшілігі Уильямды жоғары бағаламайды, бірақ менің ойымша, ол Альвареске лайықты қарсылық көрсете алады. Дегенмен, Канело өз жұмысын атқарып, жеңіске жетеді. Ол рингтен жарақатсыз шығып, қыркүйекте өтетін жекпе-жекке дайын болады деп үміттенемін», — деп келтіреді Кроуфордтың сөзін Boxingnews24 порталы.
Мексикалық пен кубалық боксшы 4 мамырға қараған түні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде кездеседі.