UFC-дің бірінші нөмірі алдағы қарсыластарын атады

UFC лигасында бақ сынап жүрген ресейлік файтер Арман Царукян келесі жекпе-жекте кіммен кездескісі келетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Еске сала кетейік, қаңтар айында Арман жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Ислам Махачевпен айқасуы керек еді. Алайда спортшының бел жарақатына байланысты жекпе-жек өтпей қалды.
«Мамырда грэпплинг турнирлеріне қатысамын. Сол айдың ортасына қарай қашан жекпе-жек өткізетінім белгілі болады. Әрине, реванш алғым келеді – Оливейрамен, ол рейтингте екінші орында. Немесе Гейджимен айқасқым келеді, ол мен үшін жаңа қарсылас. Жеңіп, қайтадан чемпиондық белдікке таласуға қайтып келгім келеді. Ұзақ күтудің керегі жоқ – егер Ислам маусымда айқасса, келесі жекпе-жегі қазан айында болады», – деді Арман MONK3 арнасына берген сұхбатында.
Қазір Царукян ММА-де 25 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сінде жеңіске жеткен. Ол UFC жеңіл салмақ дәрежесінің ресми рейтингінде бірінші орында тұр.