«Ақтөбе» клубында 250 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталды

«Ақтөбе» футбол клубында 250 миллион теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар тіркелді. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Бас прокуратураның тапсырмасымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында облыстық прокуратура тексеру жүргізген. Нәтижесінде ойыншыларды трансферлеу мен әуе тасымалдау қызметтерін төлеу кезінде күмәнді мәмілелер анықталды. Сонымен қатар, футболшылардың тамағына бөлінген қаржы клуб әкімшілігі тарапынан жеке мақсатта жұмсалғаны белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету), 190-бабы (Алаяқтық) және 361-бабы (Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Істер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылып, облыс прокурорының бақылауына алынды.