«Жеңіс үшін барамыз». Олег Болякин әлем чемпионатына дайындық туралы айтты

«Жеңіс үшін барамыз». Олег Болякин әлем чемпионатына дайындық туралы айтты

Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Болякин ұлттық команданың ашық жаттығуы аясында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Shaiba.kz сайтына сілтеме жасап.

— Дайындық қалай өтіп жатыр? Барлық ойыншылар келді ме?

— Біз көргіміз келген барлық ойыншылар келді. Кейбір ойыншыларды қарап шықтық, олардың деңгейін анықтадық. Қазіргі уақытта олар бізге көмектесе алмайды, сондықтан оларға жұмысы үшін алғыс айтып, клубтарына қайтарды. Өздеріңіз білесіздер, дайындыққа көп уақыт жоқ. Алда екі ойындық кубок бар. Ертең бес шабуыл үштігін және төрт қорғаушы жұбын анықтаймыз — бұл ойыншылар Ресей және Беларусьпен болатын матчтарға қатысады.

Көпшілікті Роман Старченконың жағдайы қызықтырады. Бұған дейін айтқанымдай, ол 30 сәуірде өз жағдайын хабарлауы керек. Дәрігерлер сол күні оның мұз айдынына шығуына рұқсат береді деді. Бәрі жеке жағдайға байланысты. Роман команданың қатарына қосылып, көмектескісі келеді. Оның тәжірибесі мен физикалық жағдайын ескерсек, әлем чемпионатына дайындалу үшін 10 күн жеткілікті деп ойлаймын.

— Qazaqstan Hockey Open турнирінде әлем чемпионатына баратын құрам ойнай ма?

— Роман Старченкосыз. Құраманың 98 пайызы белгілі. Кеңейтілген тізім болды, көптеген ойыншылар енді. Топ-топпен жұмыс істедік, екіжақты матчтар өткіздік. Кейін талдау жасап, кейбір жігіттермен қоштастық.

— Қақпашы кім болатыны белгілі ме?

— Үш толыққанды қақпашымыз бар. Қазір нақты кім бірінші нөмір болатынын айта алмаймын. Қазіргі таңда бәрі түсінікті: басымдық — Сергей Кудрявцевте. Оның ойын тәжірибесі бар. Никита Бояркиннің мысалын келтірсек, ол «Сарыарқада» ойнаған кезде ҚХЛ-да ойнаған жоқ, бірақ Қазақстан чемпионатында тәжірибе жинап, әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Сергей Кудрявцевтің де барлық мүмкіндіктері бар, оларды пайдалану керек. Максим Павленко мен Джелал-ад-Дин Амирбеков те дайын және ынталы. Бақылау матчтары кімнің мықты екенін көрсетеді.

— Әлем чемпионатындағы топ туралы не айтасыз? Алғашқы матчтар шешуші болады дегенге келісесіз бе?

— «А» тобында барлық командалар өте білікті. Азия ойындарының өзі хоккейдің дамып жатқанын көрсетті. Еуропалық хоккей агрессивті ойынмен ерекшеленеді. Біз дайындық процесін өзгертіп, жігіттерге оңай болмайтынын түсіндіріп жатырмыз. Әр қарсыласқа жеке дайындаламыз. Біз жеңіс үшін барамыз.

— Әлем чемпионатына ресми мақсат қандай?

— Ресми мақсат қойылған жоқ. Бірақ біз ішімізде мақсат қойдық. Бәрін алдын ала айту керек емес. Жеңіс ойын арқылы келеді. Бәрі дайындыққа байланысты. Жігіттердің көзі жанып тұр, бәрі өздерін көрсеткісі келеді. «Барыс» жақсы нәтиже көрсетпеді, сол себепті ойыншылар жанкүйерлердің алдында өздерін ақтағысы келеді.

— Элитада қалу мақсат па?

— Ең кемі солай.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или