Әлем чемпионы олимпиадалық емес салмақта өнер көрсететінін мәлімдеді

Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов биыл олимпиадалық емес салмақта өнер көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ спортшы өмірінде орын алған өзгерістермен де бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азия чемпионатында 74 келі салмақ дәрежесінде белдестім. Бірақ маусым соңына дейін олимпиадалық емес – 70 келі салмақта күресемін. Бұл шешімді бапкерлеріммен және отбасыммен ақылдасып отырып қабылдадық. Олимпиадаға әлі уақыт бар.
70 келі салмақ дәрежесінде өзімді шын мәнінде күшті сезінемін. Дәл осы дивизионда күш-қуатым, физикалық дайындығым мен техникам арта түседі. Менің қалыпты салмағым – 76–77 келі. Ал 74 келіде күресу үшін мықты күш қажет. Сондықтан салмақ қуып жүруге тура келеді – 76 мен 80 келінің арасында болу қажет.
Келер жылы Азия ойындары өтеді, содан кейін Олимпиада. Сол маусымға дейін олимпиадалық салмағыма қайта ораламын», – деді Қайпанов.
Сонымен қатар балуан енді Алматы қаласы атынан сынға түсетінін жеткізді.
«Қазір көп адам «тастап кетті», «кетіп қалды» деп айтып жатады. Бірақ мен отбасыммен және алғашқы бапкеріммен ақылдасып, Алматы атынан күресуге шешім қабылдадым.
Көшуімнің басты себебі – отбасым. Олар Алматыда тұрады. Ал Петропавлда бапкерімнен басқа ешкім жоқ. Жаттығуларымның бәрі Алматыда өтеді. Барлық жарысқа осы қаладан барамын.
Оның үстіне, болашақта үй де Алматыдан болады. Себебі мен – үйдің үлкенімін, үлкен отбасының тірегімін. Артымнан ерген інілерім мен қарындастарыма жол көрсету – менің жауапкершілігім.
Мені ешкім Алматыға күштеп әкелген жоқ, ешкім үгіттеген жоқ. Өзім көшейік деп ұсыныс жасадым. Қазірге дейін жалақы да алған жоқпын. Алматы күрес федерациясының басшысы Омар Әлиевтің өзі: «Нұрқожа, мен саған Петропавлдағыдай жалақы төлей алмаймын. Бізде балуан көп», – деді. Ешкім ақша ұсынған жоқ, көшуімді талап еткен де жоқ. Бұл – менің өз шешімім», – деді спортшы.