Самат Смақовты жаза арқалағаннан кейін батыл мәлімдеме жасады

«Жетісу» бас бапкері Самат Смақов ҚПЛ 5-туры аясындағы ойында төрешіге тіл тигізіп, дөрекілік танытты деп айыпталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Осыған байланысты Қазақстан футболының аңызы төрт матчтан шеттетілді. Бұл туралы ҚФФ ресми мәлімдеме жасады.
«Ордабасы» – «Жетісу» ойынында матчтың ресми тұлғасына тіл тигізіп, әдепсіз сөздер айтқаны үшін «Жетісу» командасының бас бапкері Самат Смақов төрт ойынға шеттетілді», - деп хабарлайды ҚФФ баспасөз қызметі.
«Ордабасыға» қарсы ойында (0:1) Смақовқа қызыл қағаз көрсетілген еді. Ал одан кейін 46 жастағы маман төрешілерді сынап, футболымыздың құлдырап бара жатқанын айтқан болатын.
Осы жағдайдан кейін Самат Смақов батыл мәлімдеме жасады:
«Алда команда үшін маңызды матчтар бар, олар мені шындық үшін дисквалификациялады. Мен мұны дұрыс деп санамаймын, бірақ мен жылап, шағымданып және олардан кешірім сұрамаймын. Сондай-ақ, 25 сәуірде мен аңыздар матчында ойнамаймын. Мені барлық плакаттардан алып тастасын», - деді Самат Смақов.