«Күтіп отырмыз». Назым Кызайбай Олимпиададағы жетістігі үшін сыйақы мен пәтерді әлі алмаған

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай Tengri Sport басылымына берген сұхбатында өз жетістіктері үшін уәде етілген марапаттарды әлі күнге дейін алмағанын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
— Олимпиаданың қола медалі үшін төленуі тиіс 75 мың долларлық сыйақы әлі берілген жоқ. Менің білуімше, бұл тек менің емес, басқа спортшылардың да жағдайы. Әзірге ешкімнің алғанын естіген жоқпын, — деді ол.
Қызайбайдың айтуынша, марапаттау рәсімінен бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де, уәде етілген пәтер де әлі берілмеген.
— Олимпиададан кейін бізге Алматы қаласынан автокөлік, қаржылай сыйақы және пәтерге сертификат табысталды. Көлік пен ақшаны бірден берді, ал пәтерді бір жарым-екі ай ішінде тапсырамыз деген. Қазір алты айға жуық уақыт өтті. Жақында маған басқарма қызметкері хабарласты, барлық спортшы қалада болғанда кілттерді тапсырамыз деді. Қазірше жай ғана күтіп отырмыз, — деді Назым.