«Қобыланды» стадионының қашан ашылатыны белгілі болды

26 сәуірде «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңында «Ұлытау» командасын қабылдайды. Осы кездесуге байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға арнайы барып, дайындық жұмыстарымен танысып қайтты.
Спорт басқармасының жетекшісі Мейрамбек Махамбетовтің сөзінше, алаңның жабындысы, жанкүйерлерге арналған орындар, жарықтандыру мен дыбыс жүйесі, сондай-ақ қауіпсіздік талаптары жіті бақылауда. Қазіргі таңда инфрақұрылым толық дайын.
Сапар барысында өңір басшысы Ақтөбеде жаңа стадион салынатынын да мәлімдеді. Жаңа нысан «Алтын Орда» шағынауданында бой көтермек. Жер телімі бөлініп қойған, ал жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Құрылысқа шетелдік инвесторлар тарту жоспарда бар.
Әкім алдағы маусымда командаға сәттілік тілеп, жергілікті жанкүйерлердің «Ақтөбеге» деген сенімі мен қолдауы әрқашан биік екенін атап өтті.