«13 адаммен ойнау оңай емес»: Самат Смақов төрешілерге шүйлікті

«Жетісу» командасының бас бапкері Самат Смақов «Ордабасыдан» (0:1) ұтылған соң ойыннан кейінгі пікірінде төрешілер жұмысына наразы екенін жасырмады. Оның айтуынша, команда бірінші таймның соңғы секундтарында қарапайым шабуылдан кейін гол өткізіп алған.
«Екінші таймда ойын жүйесін өзгерттік. Гол соғатын сәттер болды. Бірақ 13 адамға қарсы ойнау оңай емес. Бүгінгі төрешілік – барып тұрған бассыздық. Бұл төрешінің кім боларын төрт күн бұрын білдім. Өйткені ол – төрешілер департаментінің басшылардың бірі. Өзін-өзі тағайындап, Алматыға келіп алды», – деді бапкер ашық түрде.
Смақов «Ордабасы» секілді ауқатты клубтың ең кедей команда «Жетісуды» төрешілер көмегімен жеңгеніне қынжылыс білдірді. «Мұндай жағдайлар жалғаса берсе, футболымыз кері кете береді. Әлем чемпионаты түгілі, Еуропаға да бара алмаймыз», – деді ол.
Ол ойыншыларына ешқандай кінә артпайтынын, бар өкпесі төрешілерге және оларды тағайындап отырған басшылыққа екенін жеткізді.