«Тараз» сапына сегіз футболшы қосылды

«Тараз» ФК трансферлік тыйым алынғаннан кейін сегіз ойыншымен келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Жуырда ФИФА тарапынан командаға салынған трансферлік тыйым алынғаны туралы хабарланған болатын. Осыдан кейін «Тараз» жаңа футболшылармен толықты.
Әр жылдары «Атырау», «Каспий», «Ордабасы», «Ертіс», «Тобыл» командаларында ойнаған Әлішер Сүлей командаға қайта қосылды. Ол былтыр «Тұран» жейдесінде өнер көрсеткен.
Сондай-ақ, футболдағы мансабын «Лашын» (Қаратау) командасында бастаған Мадияр Нұралы да «Тараз» жейдесін киді. Былтыр «Хан Тәңірі» сапында ойнаған еді.
Команда сапына Қарағанды футболының түлегі, қорғаушы Таир Нұрсейітов қосылды. Ол «Шахтер», «Шахтер-Болат», белоруссиялық «Энергетик-БГУ» клубтарында ойнады. Былтыр «Қайсар» командасында болды.
Жамбылдық клуб құрамына қосылған тағы бір ойыншы – Элер Рахимов. Шабуыл шебінде ойнайтын футболшы «Ордабасы», «Тұран» клубтарының жастар командаларында өнер көрсетті. Өткен маусымда Өзбекстанның «Заамин» клубында ойнады.
Былтыр «Ұлытау» ұжымына жалға берілген Азамат Ерден мен қаратаулық «Таласта» болған қақпашы Мадияр Мергенбаев командаға қайта оралды.
Сонымен қатар, «Тараз» футбол мектебінің түлегі, өткен маусымда «Ұлытау» қақпасын қорғаған Жандар Жанғалиев те бір жылдық келісім шартқа отырды. Ол «Мақтаарал», «Қызылжар», «Тараз-Қаратау» командаларында ойнаған болатын. Қазақстанның «U-16», «U-18», «U-19» құрамалары қатарына шақырылған.
Командаға келіп қосылған тағы бір қорғаушы – Данияр Урда. Ол алматылық «Қайрат» академиясының түлегі. «Атырау», «Хан Тәңірі» сапында өнер көрсеткен», - деп жазды клубтың баспасөз қызметі.