Төрехан Сабырхан: Махмұд ағам екеуіміздің арманымыз – Олимпиадада топ жару

Төрехан Сабырхан: Махмұд ағам екеуіміздің арманымыз – Олимпиадада топ жару

5 сәуірде Астанада өткен кәсіпқой бокс кешінде Махмұд пен Төрехан Сабырхандар дебют жасап, қарсыластарын нокаутпен жеңген болатын, деп хабарлайды Prosports.kz.

Осы жекпе-жектен кейін англиялық промоутерлер қазақстандық ағайынды боксшыларға шақырту жіберіпті. Олар қос боксшының кәсіпқой боксқа біржола ауысып, мансабын Ұлыбританияда жалғастыруын сұраған. Бұл туралы Төрехан Сабырхан «Спорт министрі» Youtube-каналына берген сұхбатында айтты.

«Ағам екеуімізге Англиядан кәсіпқой бокстан ұсыныс түсті. Басқа да көп шақыртулар болып жатыр. Бірақ, біздің мақсат әзірге кәсіпқой бокс емес. Махмұд ағам екеуіміздің арманымыз – Олимпиада чемпионы болып, өзіміз өскен ауылда үлкен заманауи спорт залын салғымыз келеді», - деді Төрехан.

Төрехан Сабырхан Астанадағы кәсіпқой бокстағы дебютінде чехиялық Йиржи Хаукемен (4-6, 2 КО) кездесіп, үшінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберген еді. Ол сұхбатында кәсіпқой боксқа ауысуға ерте екенін айтып, әуесқой бокстағы болашағына қатысты пікір білдірді.

«Алда әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары бар. Бұйырса 2028 жылы елімізге Олимпиада алтынын сыйлау – басты мақсатымыз. Сондай-ақ, Қазақстанда әлі екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған. Мен екі дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді. Содан кейін бір-ақ кәсіби боксқа бару ойымда бар. Оның бәрін алдағы уақытта көреміз, әлі жаспын», - деді боксшы.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан 18 жасқа дейін жасөспірімдер мен жастар арасында бокстан Қазақстан тарихындағы алғаш төрт дүркін Азия чемпионы атанған боксшы. Сондай-ақ, ол жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или