Роналду 400 миллионға клуб сатып алмақшы

Португалиялық футбол аңызы Криштиану Роналду Испанияның әйгілі «Валенсия» клубының қожайындарының біріне айналуы мүмкін. Бұл жөнінде Mundo Deportivo басылымына сілтеме жасап Prosports.kz хабарлайды.
Ақпаратқа сенсек, Роналду клубтың бақылаушы акцияларын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Сауд Арабиясынан келген инвесторлармен бірігіп іске асатын бұл мәміленің құны 400 миллион еуроға бағалануда.
Алайда келісімнің негізгі шарты бар – «Валенсия» келесі маусымда Ла Лигада қалуы керек. Егер команда элита сапынан түсіп қалса, келісім жүзеге аспауы мүмкін.
Бұл қадам Роналдудың Таяу Шығыспен арадағы ынтымақтастығының жалғасы іспетті. Қазір ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында ойнайды және елдің бірқатар ірі жобаларының бет-бейнесі саналады. Сарапшылардың айтуынша, «саудиялықтар Еуропа футболындағы ықпалын арттырғысы келеді, ал Роналду – соған таптырмас тұлға».