«Реалда» штаттық пенальтист ауысты. Винисиустың орнын кім басты?

Бесінші сәуірде Испания чемпионатының 30-шы турындағы матчта «Реал» өз алаңында «Валенсиядан» жеңілген еді, деп хабарлайды Prosports.kz.
1:2 есебімен аяқталған ойынның 13-ші минутында мадридтік клубтың бразилиялық ойыншысы Винисиус Джуниор пенальтиді жүзеге асыра алмады. Оның соққысын қонақтардың қақпашысы Джордж Мамардашвили қайтарды. Бұл осы маусымдағы мадридтік клубтың орындауындағы бесінші сәтсіз пенальти болды. Осылай клубтың 2013/14 жылғы антирекорды қайталанған еді.
Осы матчтан кейін испаниялық Marca басылымы мадридтік клубтың бапкері Карло Анчелотти Мбаппені штаттық пенальтист етіп бекітті деп жазды. Егер алаңда Мбаппе болмаса, онда бұл мүмкіндік Беллингемге беріледі.
Алдағы Чемпиондар лигасы аясында өтетін «Арсеналға» қарсы ойыннан бастап пенальтиді Мбаппе орындайды. Бұл матч сегізінші сәуірден тоғызыншы сәуірге қараған түні Лондон қаласында өтеді.