Әлихан Әсетов әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін

Қазақстан құрамасы мен «Барыс» ХК шабуылшысы Әлихан Әсетов 2025 жылғы әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін. Журналист Евгений Акмановтың айтуынша, ойыншыға ота жасалып, қазір сауықтыру курсынан өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Meta-Ratings-ке сілтеме жасап.
Өскемен хоккей мектебінің түлегі 28 жастағы шабуылшы 2024/25 маусымындағы ҚХЛ тұрақты маусымында 47 кездесу өткізіп, 13 (4+9) ұпай жинаған. Ол кейінгі ойынын 22 наурызда «Салават Юлаевқа» қарсы өткізіп, «Барыс» 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Маусым «Барыс» үшін сәтсіз болды – команда көптен бері алғаш рет плей-офф кезеңіне өте алмады. Енді Әсетовтың әлем чемпионатына қатысуы да күмән тудыруда. Команда дәрігерлері мен бапкерлер құрамы оның сауығып кетуін қадағалайтын болады, бірақ қайтып оралу мерзімі әлі нақтыланған жоқ.