Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков салмақ дәрежесін не үшін ауыстырғанын айтты

Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков салмақ дәрежесін не үшін ауыстырғанын айтты

Амманда өткен еркін күрестен Азия чемпионатында жүлдеге ие болған Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков салмақ дәрежесін не үшін өзгерткенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Екі балуан да бұл шешімнің денсаулық пен спорттық мақсаттарға байланысты қабылданғанын жеткізді.

86 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленген Болат Сақаев бұрын 79 келіде өнер көрсеткенін және әлі де жаңа салмаққа бейімделіп жатқанын жеткізді.

«Айтарлықтай айырмашылық жоқ, бірақ бұл салмақта әсіресе физикалық тұрғыдан жетілу керек. Финалда өзім бірнеше сәтті мүлт жіберіп алдым, қателіктер болды. Мұндай жағдайлар кез келген спортшыда болады. Енді оларды түзеу керек. Қазірше осы салмақта қаламын деп шештім», - деді Сақаев.

92 келіге дейінгі салмақта қола жүлде еншілеген Азамат Дәулетбеков бұл турнирді өзі үшін жаңа кезең деп атады.

«Бәрін салмақ ауыстырғаныммен ақтап алғым келмейді. Тек қарсыласым мықты болды, жеңіліске лайықты боолдым. Парижге дейінгі Олимпиадалық цикл бойы 86 келіде күрестім, сол кезде 6-7 келі тастауға тура келетін. Қазір өзімнің табиғи салмағым - 92 келі. Денемді қалпына келтіру үшін осы шешімді қабылдадым. Бірақ болашақта бұрынғы салмағыма қайта оралуым да мүмкін», - деп түсіндірді балуан.

29–30 наурыз күндері Иорданияда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или