Төрехан кәсіпқой рингке шығады

5 сәуір күні Астанада Қазақстанның болашағынан зор үміт күттіретін боксшыларының бірі Төрехан Сабырхан кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Жасы 20-дағы былғары қолғап шебері – Азияның төрт дүркін чемпионы, жастар арасында әлем чемпионы және Странджа кубогының жеңімпазы.
Алғашқы қарсыласы – тәжірибелі чехиялық боксшы Иржи Хауке. 29 жастағы қарсылас кәсіпқойлар арасында 10 кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Соңғы рет ол былтыр тамыз айында рингке шығып, қарсыласынан мерзімінен бұрын жеңілген.
Сабырхан үшін бұл — мансап жолындағы жаңа кезеңнің бастауы. Наурызда ол Болгарияда өткен халықаралық турнирде Әзербайжан өкілі Заур Гахрамановты жеңіп, тамаша формада екенін көрсетті. Енді кәсіпқой боксқа қадам басқалы отыр.
Кештің басты жекпе-жегі – орта салмақтағы WBO және IBF белбеулерін қорғау болады. Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жеңіліп көрмеген француз Анауэль Нгамиссенгемен кездеседі. Қарсыласының есебінде – 14 жеңіс, соның 9-ы нокаутпен.