Бабаян «Астанада» Айымбетовтың жаттығып жүргенін жоққа шығарды

«Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов қазір командасымен бірге жаттығып жүр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«Жоқ, ол шындық емес», – деді елордалық клубтың жаттықтырушысы.
Айта кетейік, 29 жастағы Айымбетов бүгін Түркия Суперлигасында өткен «Адана Демирспор» – «Сивасспор» (1:5) матчында протоколда болмады. Сонымен қатар, ол Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеуіндегі екі соңғы ойынының біреуіне ғана қатысты. Уэльске қарсы кездесуде (1:3) небәрі 18 минут алаңда болды.
Transfermarkt дерегінше, шабуылшы жарақат алған, бірақ нақты неден екені белгісіз. Ал кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Абаттың қазір «Астана» сапында жаттығып жүргенін жазған.