Ең танымал теннисші карьерасындағы 100-титулын жеңіп алмақ

Әлемнің бесінші ракеткасы, сербиялық теннисші Новак Джокович Майамиде өтетін «Мастерс» турнирінде мансабындағы 100-титулын жеңіп алуға үміттенетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жартылай финалдық кездесуде сербиялық теннисші әлемнің 15-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровты екі сетте жеңді. Кездесу 6:2, 6:3 есебімен аяқталды.
«Олимпиадада 99-шы титулымды жеңіп алған соң, әр турнирде 100-титул үшін күресетінімді білдім, бірақ әзірге ол маған бұйырмай келеді. Жексенбіде бұл өзгеретін шығар деп үміттенемін. Бар күшімді саламын. Бұл жерде бірде-бір сеттен айырылған жоқпын. Ұзақ уақыттан бері мұндай деңгейде ойнамаппын. Осы жерде сол арманым жүзеге асады деп сенемін», – деді Джокович корттағы сұхбатында.
Титул үшін өтетін матчта Джокович Тейлор Фриц – Якуб Меншик кездесуінің жеңімпазымен кездеседі. Майамидегі «Мастерс» турнирінің қазіргі чемпионы – жарыстан шеттетілген италиялық Янник Синнер.