Александр Марочкин Қазақстан құрамасындағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді

Александр Марочкин Қазақстан құрамасындағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді

Қазақстан құрамасы мен «Астана» қорғаушысы Александр Марочкин 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Лихтенштейнге қарсы жеңісті матчтан кейін пікір білдіріп, ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz  тілшісі КФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ойының басында қобалжу болды, себебі бізге қалай да болсын жеңіс қажет екенін түсіндік және бұл матчта ұпай жоғалтуға құқымыз жоқ еді. Сол себепті асығыстық, мүмкіндігінше тезірек гол соққымыз келді, бірақ осының кесірінен көп қателіктер жібердік. Кейін, құдайға шүкір, бірінші және екінші голды соға алдық, содан кейін ойын тынышталды. Ойын тізгінін қолымызға алып, жеңіске жеттік.

Самородовтың тамаша пасынан кейін мен гол соқтым. Ол маған ойын алдында допты қалай беретінін және қай бағытқа жүгіру керектігін айтты, мен солай жасадым. Сол сәтте екі шешім болды: допты баспен соғу немесе аяқпен тебу. Мен екіншісін таңдадым және гол салдым.

Сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, себебі бұл ойын мен үшін ұлттық құрама жейдесіндегі соңғы матч болды. Мен осындай нотада карьерамды аяқтағаныма қуаныштымын. Енді жас ойыншыларға кезек келді: Қасым, Адока, жігіттер өсті, орынға таласып жатыр. Сондықтан жолды соларға беру керек деп есептеймін», – деді футболшы.

Айта кетейік, Александр Марочкин Қазақстан құрамасы сапында 2019 жылы дебютін өткізген. Құрамада футболшы 50 матчқа қатысты. Ал кеше Лихтенштейнге қарсы матчта ұлттық құрамадағы алғашқы голын соқты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или