Қысқы Азиада ойындарының жүлдегерлері елге оралды

Қысқы Азиада ойындарының жүлдегерлері Вадим Куралес пен Арина Крюкова елге оралды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бүгін Астана халықаралық әуежайында биатлоннан IX қысқы Азия ойындарының жүлдегерлері мен ұлттық құраманың спортшыларын салтанатты түрде күтіп алды.
«Азия ойындарының аяқталғанына біршама уақыт өтсе де, әлі де ешкімнің ұмытпай, әуежайдан күтіп алғанына өте қуаныштымын. Жарысқа келетін болсақ, барлық жоспарымыз 100% орындалды деп айта алмаймын. Осы маусым әлі де көптеген қателіктермен жұмыс істеу керектігін аңғартты. Енді Щучинск қаласында VI Қысқы Спартакиадасына қатысып, маусымды қорытындылаймыз », - деді өз сөзінде Вадим Куралес.
Айта кетейік, 7-14 ақпан аралығында Харбинде өткен қысқы Азиадада Вадим Куралес 10 шақырымдық спринт бәсекесінде күміс және эстафеталық сайыста күміс медаль жеңіп алды. Ал Арина Крюкова командалық сында қола жүлдегер атанған болатын.