ҰОК Қазақстан футбол федерациясының өкілдерімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қазақстан футбол федерациясы Техникалық орталығының нұсқаушысы Алексей Шапуринмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маман 2025 жылдың сәуір айында Венгрияның Спорт ғылымдары университетінде өтетін Халықаралық жаттықтырушылық курсқа (ICC) қатысуды бастайды.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының өкілдері – операциялық директор Александр Кеплин, бас аудитор Қамбар Омаров және заң департаментінің директоры Қуаттыбек Исхақов қатысты.
ҰОК Алексей Шапуринді оқуға қабылдануымен құттықтап, оқу мен жаттықтырушылық мансабына сәттілік тіледі. Комитет өкілдері мұндай бағдарламалардың қазақстандық мамандар үшін маңыздылығын атап өтіп, отандық жаттықтырушылардың халықаралық курстарға қатысуы олардың кәсіби деңгейін арттыруға және дамуға деген ұмтылысын көрсететінін айтты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы жастар футболын дамыту мәселелерін, соның ішінде U-23 құрамасының деңгейін талқылады. Бұл жас санатындағы командалар Олимпиада ойындарына қатысады. Сонымен қатар ҚФФ өкілдері бапкерлерді даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, балалар мен жасөспірімдер футболынан бастап UEFA PRO деңгейіндегі халықаралық курстарға дейінгі оқыту жүйесі жайлы бөлісті.
Айта кетейік, ICC курсы 2025 жылғы 1 сәуір мен 23 мамыр аралығында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен өтеді. Курс Халықаралық Олимпиадалық комитетімен және Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бағдарлама жаттықтырушылық қызметтің теориялық және практикалық аспектілерін қамтиды.