Месси жарақатынан кейін маңызды мәлімдеме жасады

«Интер Майами» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси жарақатынан кейін мәлімдеме жасады. Бұған дейін футболшы Аргентина құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі матчтарының соңғы тізіміне енбеген болатын, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Уругвай мен Бразилияға қарсы маңызды матчтарды жіберіп алуым өкінішті. Мен ойнағым келді, бірақ жеңіл жарақатыма байланысты ұлттық құрамаға бара алмаймын. Кез келген аргентиналық жанкүйер сияқты команданы сырттай қолдайтын боламын. «Аргентинаға алға!» – деп жазды Месси әлеуметтік желілердің бірінде.
Айта кетейік, 37 жастағы Месси «Интер Майамиге» 2023 жылдың жазында ауысты. Ойыншының клубпен қазіргі келісімшарт мерзімі 2025 жылдың соңына дейін жасалған. Transfermarkt порталында берілген ақпаратқа сәйкес, футболшының құны 20 миллион еуро.