«Барыс» тойлап жатыр: Қазақстан құрамасының хоккейшісі әке атанды

Қазақстан құрамасы мен «Барыс» хоккей клубының шабуылшысы Максим Мухаметов пен оның жары Вильдана ата-ана атанды. 10 наурызда жұптың қызы дүниеге келді. Қуанышты жаңалықпен спортшы жанкүйерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.
2023 жылы ол сүйіктісі Вильданаға үйлену туралы ұсыныс жасап, көп ұзамай некелерін қиды. Енді олардың отбасында жаңа қуанышты оқиға орын алды – қыздарының дүниеге келуі. Сәбиге «Мия» деген есім берілді.
«Максим мен жары Вильдананы қыздары Мияның дүниеге келуімен құттықтаймыз! Кішкентай қыз бақытты, дені сау, мықты болып өссін. Бауы берік болсын!», – деп жазды клубтың ресми парақшасында.
Айта кетейік, Мухаметов – қазақстандық хоккейдің болашағы зор ойыншыларының бірі. Ол Өскемен хоккей мектебінің түлегі. Бұрын «Снежные Барсы» жастар командасында ойнап, кейін «Номад» пен магнитогорлық «Металлург» сапында өнер көрсетті. 2024 жылдың тамызында ол Қазақстанға оралып, «Барыспен» келісімшартқа отырды.