Ағылшын шабуылшысы Гарри Кейн Чемпиондар лигасында рекорд орнатты

УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалында өткен матч кезінде мюнхендік «Бавария» клубының шабуылшысы Гарри Кейн «Байер» қақпасына гол соғып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Opta Sport сайты мәлім еткендей, Г.Кейн ағылшын футболшыларынан алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының бір маусымында 10 гол соқты.
Биылғы маусымда 31 жастағы шабуылшы «Бавария» сапында барлық турнирде 36 матчқа қатысып, 32 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt интернет-порталының мәліметіне қарағанда, футболшының құны шамамен 90 млн еуроға бағаланып отыр.
Леверкузенде өткен ойында «Бавария» германиялық «Байерді» 2:0 есебімен жеңді. Г.Кейн нәтижелі паспен де көзге түсті. Екінші гол авторы — Альфонсо Дэвис.
Бірінші бәсекеде де «Бавария» 3:0 есебімен басым түскен еді. Осылайша, атақты мюнхендік клуб ¼ финалға жолдама алды.